Шикізатпен шектелмейтін экономика қалыптасуда

Қазақстан мұнай-химия саласын белсенді түрде дамытып, шикізат экспортына тәуелділікті азайтуда. Бұл ел экономикасын қалай өзгертеді және азаматтарға не береді?
Қазақстанда мұнай-химия саласының дамуы уақытша серпін емес, тұрақты үрдіске айналуда. Бұл — елдің экономикалық саясаты мен индустриялық басымдықтарындағы нақты өзгерістердің белгісі. Соңғы екі жылда мұнай-химия өнімдерінің өндірісі екі есеге жуық өсіп, 2021 жылғы 270 мың тоннадан 2024 жылы 540 мың тоннаға жетті.
Бұл тек сандық көрсеткіш емес. Бұл — шикізатты экспорттаудан гөрі көмірсутектерді ел ішінде қайта өңдеуге басымдық берудің айқын көрінісі. Бұған мысал ретінде Атыраудағы KPI газ-химия кешенін айтуға болады. Бұл кешен — жылына 500 мың тонна полипропилен өндіре алатын еліміздегі алғашқы ірі жобалардың бірі.
Салыстырып қарасақ, Ресейдің полипропилен өндірісі шамамен 2 миллион тоннаны құрайды. Осыған сүйенсек, Қазақстандағы бұл бір ғана зауыт көрші елдің қуатының 25%-ына тең. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетті өніммен сыртқы нарықтарға шығу әлеуетінің барын көрсетеді.
KPI кешені іске қосылған алғашқы жылы-ақ полипропилен экспорты тоғыз есе өсті. Бүгінде Қазақстан өнімдерін Қытай, Ресей, Түркия және Орталық Азия елдері тұтынып отыр. Ел ішінде жыл сайын шамамен 240 мың тонна полимер қолданылады, оның 67 мыңы — полипропилен. Қалғаны негізінен полиэтиленге тиесілі.
Бұл деректер өндірісті терең өңдеуге бағыттау импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, сонымен бірге тұрақты экспорттық ұсыныс қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Қазақстан 2030 жылға қарай мұнай-химия өнімдерінің жылдық өндіріс көлемін 1,8 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл — бүгінгі деңгейден үш есе артық.
Ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін технологиялық және қаржылық серіктестік қажет. Осындай серіктестіктің бірі — полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы. Қуаты жылына 1,25 миллион тонна болатын бұл жоба 2029 жылы іске қосылады деп күтілуде. Жоба ҚазМұнайГаз, Қытайдың Sinopec және Ресейдің СИБУР компанияларының бірлескен инвестициясы арқылы жүзеге асып жатыр. Жалпы құны — 7,4 миллиард АҚШ доллары.
СИБУР сияқты жетекші серіктестің қатысуы технологиялар трансфері мен жаһандық жеткізу тізбектеріне шығу мүмкіндігін арттырады. Бұл — капитал, технология және нарықтардың бір жоба аясында тоғысуының мысалы ретінде ұзақмерзімді ынтымақтастық үлгісі бола алады.
Бұдан өзге де маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Татнефть компаниясымен бутадиен өндірісі, CNPC серіктестігімен Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту және газ шикізатын өңдейтін жаңа нысандар салу жоспарланған. Бұл жобалар еліміздің мұнай-газ ресурстарына негізделеді: жыл сайын шамамен 85–90 миллион тонна мұнай және 50 миллиард текше метр газ өндіріледі. Алайда, бұл көлемнің 20%-дан азы ғана ел ішінде өңделеді, ал қалған бөлігі шикізат күйінде экспортталады.
Қазақстан енді шикізат экспортынан мүлде бас тартпайды, бірақ оны терең өңдеу арқылы жаңа өнеркәсіптік модель қалыптастырып жатыр.
Мұнай-химия — жылдам табыс әкелетін сала емес. Бұл — капитал сыйымды, ұзақмерзімді, бірақ мультипликативті әсері жоғары сала. Ол тек өнім ғана емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын, логистиканы, инфрақұрылымды және экспорттық әлеуетті қатар дамытады.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрақты саясат жағдайында жалпы ішкі өнім құрылымында мұнай-химия саласының үлесін бірнеше есе арттыруға болады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 4%-ға, Германия мен Ресейде шамамен 2%-ға жеткен. Ал Қазақстанда әзірге бұл үлес 0,3%-дан аспайды. Бұл — өсу үшін әлеуеттің жеткілікті екенін білдіреді және бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып отыр.
Мұнай-химия саласы бір жылда экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналмайды. Бірақ ол — Қазақстанның жаңа өндірістік құрылымында стратегиялық рөл атқаратын сала. Егер мемлекет технология, нарық, инфрақұрылым және кадр даярлау бағыттарын үйлестіре алса, еліміз тек өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық деңгейде де бәсекеге қабілетті ойыншыға айналуы мүмкін.