Бұл бейнероликте жалған танысулар мен фейк сайттар арқылы банк карталарының деректері қалай ұрланатыны көрсетілген.
Kaspi.kz өзінің ресми парақшасында интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілін түсіндіретін арнайы видео жариялады. Бейнеролик қолданушылардың назарын интернетте кең тараған алаяқтық схемасына аударуды көздейді. Атап айтқанда, ақша ұрлау мақсатында жалған танысуларды пайдалану тәсілі жайлы айтылған, деп хабарлайды Finratings.kz.
Қысқа видеода «алаяқтың» атынан жасалған баяндама көрсетілген. Онда алаяқтар тартымды қыздың атынан жәбірленушімен хат алмасуды бастайды. Сенімді байланыс орнағаннан кейін, алаяқ киноға немесе басқа іс-шараға баруды ұсынады және билеттерді сатып алуға арналған жалған сайтқа сілтеме жібереді.
«Біздің құрбандар ештеңеден күдіктенбей, карта деректерін енгізеді. Біз болсақ, олардың шотындағы барлық ақшаны толық шешіп аламыз», – делінген видеода.
Kaspi.kz ескертеді: кез келген белгісіз сайтта карта деректерін енгізу туралы өтініш – бұл қауіптің белгісі. Сонымен қатар, тіпті қарапайым онлайн-таныстықтың өзі алдын ала ойластырылған алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін.
«Сондықтан жігіттер, абай болыңыздар. Картаңыздың деректерін енгізуге асықпаңыздар. Мүмкін, арғы жақта ешқандай қыз жоқ шығар, ол біз сияқты алаяқ болуы әбден мүмкін», – делінген видеода.
Kaspi.kz тұрақты түрде осындай ескертулер жариялап, пайдаланушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және қауіп-қатерден сақтандыруға тырысады. Компания клиенттерден интернетте мұқият болуды, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және карта деректерін сенімсіз ресурстарға енгізбеуді сұрайды.